2016  жылдың І тоқсанында елімізге 144,7  мың шетелдік келді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 13 мыңға артық  

Ағылып келіп жатқан шетелдік туристерді қарсы алуға әзірміз бе? Еліміздегі өңірлердің туристік сыйымдылығы қандай?

Ranking.kz талдау қызметінің хабарлауынша, Қазақстанның әлемге танымалдығы артып келеді. 10 жыл ішінде шетелдік туристер 2 есеге көбейді, ал саланың кірісі 5 есе өсті. 2015 жылы Қазақстан 692 мың шетелдік мейманды қабылдады, қонақүйлер 73 миллиард теңгенің қызметін көрсетті. Ал 2016 жылы шамамен 728 мың шетелдік қонаққа келеді, ал 2017 жылы 1 000 000 қонақ күтілуде. Экспо 2017 – сала үшін стратегиялық бонус. Жоспар бойынша 300 мың шетелдік мейман халықаралық көрмені аралайды. "Астана конвеншн бюро" есебі бойынша, ЭКСПО-ның бір қонағы елді 4 күн болып, 1,5 мың доллар ақша жұмсайды. Олар Астанадағы көрмелерді көріп қана қоймай, еліміздің көрікті жерлерін де аралайды. 

Өңірлердегі туристік индустрияның бүгінгі таңдағы әлеуеті қандай?

Шығыс Қазақстан облысы бір уақытта 120 мың (резиденттерді қосқанда) қонақты қабылдай алады. Аймақта 378 қонақты орналастыратын орын жұмыс істеуде. 2016 жылы бірінші тоқсанда қонақүйлердің толымдылығы 25%-ға кем болды. Облыста Қатонқарағай, Марқакөл шипажай аймағы, Батыс Алтай қорығы бар. 

Рэнкингте Ақмола облысы екінші орында, бір уақытта 22,3 мың адамды қабылдай алады. Дегенмен қонақүйлердің орташа толымдылығы небары 13,4% болуда. Бұл өңір Шортанды, Зеренді, Бурабай шипажай аймақтарымен, Қорғалжын қорығымен көз тартады.

Қарағанды облысы үшінші орында. Қонақүйлердің бір уақыттағы сыйымдылығы – 12,7 мың. Бұл өңір Қарқаралы шипажай аймағымен, Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығымен және «CabanaBeach» демалыс  аймағымен аты шыққан. 

Содан соң Алматы облысы. Алакөл шипажай аймағы, «Тамғалы» қорық-мұражайы, Шарын  шатқалы туристерді қызықтырмай қоймайды. 315 мейманханасы және тағы басқа орналастыру орындары бар облыс бір уақытта 11 мың қонақты күте алады, ал 2016 жылдың алғашқы маусымында толымдылық небары 17,3% болды.

Бестікті ОҚО қорытындылайды, мұнда туристер Сарыағаш шипажайында тынығып, Түркістанның  тарихи ескерткіштерін аралай алады. Оңтүстік өңірде 6 мыңдай қонақты қабылдай алатын небары 139 орналастыру орны жұмыс істеуде.

Бес облыстан бөлек еліміздің екі ірі қаласындағы 291 қонақ үй мен басқа да орындар  22 мың мейманды бір уақытта күте алады. Бұл екі қала барлық қызмет көлемінің жартысынан астамын көрсетеді және орналастыру орындары лық толады. Сонымен бірге ЭКСПО – 2017  қарсаңында қонақүйлер санын 158-ден 188-ге, ал мейманханаларды 9,5 мыңнан 14,5 мың бірлікке дейін ұлғайту жоспарлануда.