Дүкен сөрелеріндегі қант және қант өнімдері өтімді тауарлардың бірі екенін ескерсек, ішкі нарықта қант қызылшасына деген сұраныс та, ұсыныс та жоғары болуы тиіс екені анық. Алайда, отандық қызылша өндірісі бұл сұраныстың әлі жартысын да өтей алған жоқ.

Қант өндіруге жарайтын өсімдіктер ретінде өнеркәсіпте қант құрағы, қант қызылшасы, сорго, қант пальмасы, қантты үйеңкі ағашы, кэроб ағашы, қантты жантақ, жүгері сабақтары қолданылады. Еуразия кеңістігінде климаттық жағдайларға байланысты қант қызылшасынан басқа шикізат жоқ. Басқа керегі де аз. Қант құрағына қарағанда қант қызылшасында пайдалы нәр көп, сонымен қатар өнімділігі де жоғары. Өнімділігі жағынан қант қызылшасынан кейін екінші орында сорго тұр.

Қазақстанда қант қызылшасын егетін екі аймақ бар, олар – Алматы мен Жамбыл облыстары. Оны өңдейтін үш зауыт та осы өңірлерде. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2013-2015 жылдар аралығында қант қызылшасының егістігі 3,4 есеге артқан. Оның ішінде Алматы облысында 2,3 есеге, Жамбыл облысында 5,4 есеге артқан.

2012 жылы еліміздің қант зауыттарын біріктіру мақсатында «ЦАСК» жауапкершілгі шектеулі серіктестігі құрылды. Құрамына 4 зауыт кірді. Алайда, оның біреуі банкротқа ұшырады. «ЦАСК» ЖШС-на қарайтын Меркі, Тараз, Ескелді қант зауыттары 2014 жылы 368 739 тонна қант өндірген. Елде өндірілетін қанттың ­32 пайызы Ескелді зауытына, 29 пайызы Мерке зауытына, 39 пайызы Тараз зауытына тиесілі. Алайда, осы үш зауыт жалпы тұтынылатын республика бойынша қанттың тек 3 пайызын қамтамасыз етеді.  

«Егістіктің ұлғаюы нәтижесінде жалпы қант қызылшасының көлемі артты. Мәселен, 2013 жылы қант қызылшасының жалпы түсімі 64,5 мың тонна болса, 2015 жылы 174,1 мың тоннаға жетті, сөйтіп жалпы түсім көрсеткіші 2,7 есеге ұлғайды. Алайда, егістік көлемі артқанымен, өнімділік төмендеп кетті. Егер 2013 жылы 1 гектардан 267,7 центнер шықса, 2015 жылы 1 гектардан шамамен 232,5 центнер өнім алынды. Бұған түрлі себеп бар. Жер құнарының төмендеуі, ауа райы қолайсыздығы және шаруалардың дақылды дұрыс баптамауы да өнімділікке әсер етеді», - дейді «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Жанна Ақышева.

Экспорттың орнына импорт

Еліміз нарығындағы шикізаттың тапшылығы қанттың сапасына әсер етіп отыр. Мемлекет дүкен сөрелерін қантқа толтыру үшін бразилиялық қант құрағын сатып алуға мәжбүр. Қант құрағы – арзан шикізат, демек одан шығатын шекердің нәрлілігі төмен. Шет елдерден әкелінген құрақты қант зауыттары өңдеп, дайын азыққа айналдырады. Жыл сайын шет елден шикізат алу үшін квота бөлінеді. Қазақстанға қант шикізатының 90 пайызы Бразилиядан келеді. Сондай-ақ, елімізге дайын қант Польша, Белорусь, Литва елдерінен тасымалданады. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің және Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректеріне қарағанда, 2015 жылы қант импортының көлемі 105,6 мың тоннаны құраған, бұл 2013 жылдың көрсеткішінен 75 пайызға көп.

Қант қызылшасы алқаптарының аздығы түрлі факторларға байланысты. Біріншіден, қант қызылшасын өсіру ­– машақаты көп жұмыс, егінге арналған жер міндетті түрде суармалы болуы шарт. Егілген қызылшаны аптасына 1 рет суару, соқалау, арам шөптен тазарту, қажет мөлшерде гербицидтермен өңдеу сияқты тынымсыз еңбекті керек етеді. Сондықтан, жергілікті шаруалар қант қызылшасынан гөрі суармалы жерлеріне картоп, соя еккенді жөн көреді. Екіншіден, ұсақ шаруа қожалықтарының бөлініп жұмыс істеуі. Қазіргі таңда өнімнің өзіндік құнының жоғары болуы жергілікті зауыттарға тиімсіз, сондықтан екі тарап арасында келіспеушіліктер көп. Зауыттардың техникалық қондырғыларының тозығы жеткен, өңдейтін шикізаттың қажетті көлемі аз, сондықтан зауыттар қант қызылшасына қымбат баға бере алмайды. Олар үшін арзан қант құрағын сатып алған тиімді.

Дерек пен дәйек

Жыл сайын Қазақстанда шамамен 300 мың тонна қант өндіріледі. Ұлттық экономика министрлігі Статистика агенттігінің мәліметінше 2013 жылы – 331,4 мың тонна, 2014 жылы – 400,2 мың тонна, 2015жылы 305,9 мың тонна қант алынған. 2016 жылдың қаңтар-сәуір айларында 130,7 мың тонна қант өндірілді. Өндірілген қант көлемінің барлығы қант құрағына тиесілі. Бүгінгі күні қанттың 1 тоннасы 17 мың теңге тұрады.

Мемлекеттік қолдау

Мемлекет ішкі нарықтағы отандық қант пен қант шикізатының үлесін ұлғайту үшін  жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Атап айтсақ, жыл сайын 1 тонна қант қызылшасының 50 пайызына дейін субсидия бөлінеді.

Егер белгілі бір шаруа қожалығы қант қызылшасын егуді жоспарласа, ең алдымен көктем айларында жергілікті қант зауытымен келісімшартқа отырады. Содан кейін субсидияларды пайдалану үшін жергілікті әкімдікке барып, өтінішке қосымша ретінде қант зауытымен жасалған келісімшарт көшірмесін береді.

Сонымен қатар, тыңайтқыштарға да субсидиялау қарастырылған. Мәселен, тыңайтқыш шетелден әкелінсе, 30 пайызға дейін субсидияланады, отандық болса, 50 пайыз субсидия қарастырылған. Дақылды егу, жинау, тасымалдауға арналған техниканы лизингке алса, соның жарты бағасына субсидия бөлінеді.

«Тұқым алуға да мемлекеттен субсидия бар. Қант қызылшасының гибридті тұқым түрлерін егер олар селекциялық реестрде бар болса, онда тұқым бағасының 70 пайызын мемлекет өз мойнына алады, ал егер тұқым шетелдік болса, 30 пайыздық субсидия қарастырылған. Селекциялық реестр тізімінде қант қызылшасының авантаж, ирис, линор, рекорд, тағы басқа 28 сұрпы тіркелген», - дейді «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Жанна Ақышева.

Зерттеулер көрсеткендей, қант қызылшасы басқа қантты өсімдіктерге қарағанда анағұрлым пайдалы. Қант қызылшасын өсіретін шетелдік шаруашылықтар қалдықсыз жұмыс істейді. Мәселен, қызылшадан алдымен қант өндірсе, сығымдалған қалдықтардан аспаздықта қолданылатын сірне (патока) алынады. Сабақтары мал шаруашылықтарына жеткізіліп, жуылған кір суы қайта өңделіп, тыңайтқыштар жасалады. Ішкі нарықты толығымен қамтамасыз ету үшін қант қызылшасының егіс алқабы шамамен 2 млн гектар болуы керек. Қазіргі таңда қант қызылшасы тек 9,4 мың гектар жерге егіледі. Егер мұндай көлемде дақыл өсірілетін болса, онда шыққан өнімді игеруге бұрын республика бойынша іске қосылып тұрған 8 қант зауытының әлеуеті жеткілікті болар еді.

Әлия Кемелбекова