Еліміздегі балық шаруашылығы жыл өткен сайын дамып келе жатса де, мемлекет тарапынан қолдау қажет етеді. Балық шаруашылығы және оның дамуы Қазақстан үшін маңызы жоғары. Біріншіден, еліміз «тоғызыншы территория» теңіздер мен мұхиттарға шыға алмайды. Екіншіден, біздегі балық еті елімізде ғана емес, шетелде де үлкен сұранысқа ие. Мәселен, балық экспорттайтын шаруашылықтар бүгінде 3 миллион гектар жерді пайдаланады екен. Үшіншіден, балық еті – адам денсаулығына пайдалы, одан жасалатын өнімнен де түсім мол.

2013 жылы республика бойынша балық аулау көлемі 35 мың тоннаға жетсе, 2015 жылы 41 мың тоннадан асып кетті. Соның жартысынан астамы шетелге экспортталады. Өткен жылы балық аулау және акваөсірудегі өнімдер көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 10,1%-ға ұлғайып, 6164,4 млн теңгені құрады.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі балық өнімдерін акваторилерде өсіруге ат салысқан шаруашылықтарға инвестициялық субсидия қарастырған.  Бұл көмек жобаның 20%-ын қаржыландырады. Аталмыш субсидия жабық су қоймаларында  балық өндірісін дамытуға бағытталған. Кез келген бизнес-жоспары бар немесе кепілзат қоя алатын кәсіпкерлер  қаржы институттарынан несие алуына болады. Сондай-ақ, өңір-өңірде кәсіпкерлікті қолдайтын жекелеген  шағын несие ұйымдары бар», – дейді «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Айжан Қарабаева.

Сондай-ақ, бағалы балық тұқымын көбейту мақсатында мемлекеттің қаржыландыруымен «Атырау бекіре балығы зауыты», «Орал-Атырау бекіре балығы зауыты», «Қапшағай уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы», «Қамшылыбас балық тәлімбағы», «Петропавл балық тәлімбағы», «Майбалық балық тәлімбағы», «Қазақ өндірістік жерсіндіру стансасы» жұмысы жолға қойылған. Аталған кәсіпорындар 2015 жылы 168,4 млн астам бағалы балық тұқымдастарыныӊ шабақтарын өсіріп, су қоймаларына жіберген екен.

Бұдан бөлек, мемлекет 3-4 жылда бір рет су қоймаларын шіріген балдырлардан тазалайды. Мұндай шіріген «жасыл кілемдер» суды лайлап, қайық қозғалтқышының бұрандасын зақымдап, тереңдікте мекендейтін аса бағалы балықтардың өсуіне кедергі келтіреді. Әйтсе де, мемлекеттің жоғарыда айтылған көмектері жеке кәсіпкерлер үшін мардымсыз. Бұл салаға субсидиялар аз бөлінеді, арнайы балық шаруашылығына арналған несиелік бағдарламалар қарастырылмаған. 

«Балық шаруашылығы мемлекеттік қолдауға мұқтаж. Балықшылар табиғи қорлардан балық аулаумен шектеледі. Статистика агенттігің ақпараты бойынша, 2015 жылы аквакешендерде өсірілген тауарлық балықтардың көлемі 700 тоннаны құрады. Бұл бүкіл ауланған балық көлемінің 2 пайызына да жетпейді. Шетелде жағдай тіпті басқаша. Мәселен, Өзбекстанда қолдан өсірілген балық көлемі – 60 мың тонна. Қытайдың аквамәдениеті жалпы балық шаруашылығы көлемінің 70%-ын құрайды. Ал бізде табиғи су көздерінен балық аулау кесіренен елдегі оның қоры азайып бара жатыр. Қоршаған ортаны қорғау мен аталған шаруашылықты дамытудың бір жолы бар. Ол – аквамәдениетті дамытуды қолға алу», – дейді департамент сарапшысы.

Қазақстанға Ресей, Қытай және Норвегия секілді елдерден түрлі консервілер, мұздатылған күйде балық сүбесі, уылдырықтар, теңіз балығы мен асшаяндары тасымалданады. 2015 жылғы көрсеткіш бойынша, импортталған балық өнімдерінің көлемі 47 мың тоннаны құраған. Әйтсе де, шетелден келген тауарлар бірден тұтынушыға ұсынылмайды. Әуелі ветеринарлық және санитарлық тексеруден өтеді. Қай бір кезде камбала тұқымдас теңіз табанының улы екендігі туралы ақпарат шыққан-ды. 

«Аталған мәліметтер ғылыми дәлелденбеген, ешқандай дереккөзі жоқ. Дегенмен, отбасы денсаулығын сақтау үшін, импорттан гөрі отандық балық өнімдерін пайдалануға кеңес беремін», – дейді Айжан Қарабаева. 

Балық шаруашылығындағы түйіткілді мәселелерді бірнешеге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, кейбір көлдердің суы сарқылып, айдыны азайып бара жатыр. Мәселен, Арал теңізінің көлемі 1960 жылмен салыстырғанда 4 есеге кеміп, екіге бөлініп қалды. Соңғы жылдары Арал суын қалпына келтіру үшін әрекеттер жасалған. Әйтсе де, аталған жоба теңіздің кіші бөлігін қалпына келтіруге ғана шамасы жетті. Екінші мәселе – аквамәдениет бойынша мамандар өте аз. Ихтиология мамандығына жыл сайын мемлекеттік гранттар бөлінеді. Алайда диплом алған мамандар балық шаруашылығына бармайды немесе жас мамандар тиісті біліктілікке ие емес. «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» маманы Сая Қойшыбаева да мемлекеттен қолдау күтетінін айтады: «Қабылданғалы жатқан аграрлық өнеркәсіпті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына зор үміт артамыз. Аквамәдениет саласы дамыту мен қаржыландыруға зәру».

Браконьерлік қауіп

Браконьерлікпен күресу де – маңызды мәселе. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен 2016 жылғы балық және басқа да су жануарларын аулау шегі 61,2 мыӊ тонна көлемінде белгіленді. Балық аулауға 103 мыңнан астам рұқсат берілді. Алайда, мұндай шектеулер қарақшыларды азайтқан жоқ. Жыл сайын еліміздің Батыс, Шығыс және Оңтүстік аймақтарында браконьерлік әрекеттер толастар емес. Таяуда Атырауда 1 тоннаға жуық балықты заңсыз аулаған екі азамат ұсталды. Тіпті, Маңғыстау облысында екі бірдей балық инспекторы браконьерлікпен айналысты деген күдікпен қолға түсті. Биыл балық инспекциясы 1533 табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактілерін тіркеген. Браконьерлікпен айналысушылардан 1377 дана аулау, 222 дана жүзу және көлік құралы, 10 тонна 180 келі балық, оның ішінде 158 келі бекіре балығы тәркіленді. Оларға 24,2 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Су айдынын күнделікті торуылдау нәтижесінде иесіз жатқан 2800 аулау құралы судан алынды. Сондай-ақ, 43 құқық бұзушылық анықталып, 10 қылмыстық іс қозғалып, оның алтауы сотта қаралды.

Браконьерлік жұмыспен күрес неге кенжелеп тұр? Біріншіден, теңіз қайықтар мен шапшаң жүретін катерлер тапшы. Сондықтан солтүстік Каспий бойынша бақылау жұмыстары толық деңгейде жүргізілмейді. Әсіресе көрші елдердің заңбұзушылары аймақтағы инспекцияның осал тұсын біліп алған.  Екіншіден, жанар-жағармай үшін бөлінетін қаржы да жетіспейді. Мәселен, Атырау облысына браконьерлікпен күрес үшін жылына керекті мөлшердің 30 пайызы ғана бөлінеді. Бұл сома Жайық өзенін бақылауға ғана жетеді. Ал өңірде одан басқа Каспий теңізі мен Қиғаш өзені бар.

Қазақстан территориясында қызыл кітапқа енген балықтар – бекіре, ақсерке, шортанның кейбір түрлері сұранысқа ие. Халыққа қолжетімді сазан, дөңмаңдай, сонымен қатар, сүйегі аз, еті дәмді көксерке балығы да өтімді. Өткен жылы елде 5,5 мың тонна табан балық, 3 мың тонна көксерке, 3 мың тонна меңке және 1,9 мың тонна сазан ауланған. Дегенмен, балық шаруашылығы ішкі сұранысты өтей алмай отыр. Жыл сайын елге шамамен 27 мың тонна балық сырттан әкелінеді екен. Ішкі нарықты қанағаттандыру үшін қолдан балық өсіруді бір ізге салу керек. Былтыр 729,8 тонна тауарлық балық және 267,3 млн дана балық тұқымдары өсірілген. Алайда 2013 жылы тауарлық балықтың көлемі 811 тоннаға дейін жеткен еді.

Сарапшы Айжан Қарабаева да балық өсірудің тиімділігіне сенімді: «Сазан, ақ амур, бақтақ түрлерін өсіру тиімді. Олар асырауға қолайлы, шығыны аз, су талғамайды. Мәселен,  ірі қараның төлін өсіру үшін 2 жыл уақыт кетеді. Ал балықтың өсу мерзімі өте қысқа. Жабық су қоймаларында сазан аналығын гипофиз гармонын салу арқылы  бір жылда екі рет уылдырық шашқызуға болады.  Бір аналық 2 млн уылдырық тастап, оның 15%-ы, яғни 150 мыңы тірі қалады. Шамамен алғанда 70 мың балық өсіп шығады.  Жақсы жем, қолайлы күтім көрсетілсе, 1 жылда солардан таза 70 мың балық етін алуға болады».

Балық шаруашылығымен айналысамын деушілер үшін ғылыми кеңес беретін мекемелер бар. Мәселен, «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС балық шаруашылығының, оның ішінде гидробиология, ихтиология, аквамәдениет саласындағы барлық сұрақтарға әдістемелік-консультациялық көмек көрсетеді. Сондай-ақ, зерттеу институтында жасалған замануи жобалар тауарлық өнімді өсіріп-көбейтуге көмектеседі.

«Біз зерттеу институты ретінде балықты қолдан өсіру үшін Қазақстанның климаттық ерекшеліктеріне келетін экономикалық тиімділігі жоғары технологияларды әзірледік. Жаңа технологиялар шағын балық шаруашылықтарына бейімделген. Егер технологияның барлық талаптары ескеріліп, қажетті температура мен дұрыс қорек жасалса, балық тез өседі.   Мәселен, көксерке, тиляпия сынды отандық және шетелдік нарықта сұранысқа ие балықтарды өсіру технологияларының ірі және шағын кешендерге арналған нұсқасы бар. Оларды шаруашылықтарға енгізіп, жүзеге асыру үшін қаржыландыру көздері қажет», – дейді зертхана меңгерушісі Сая Қойшыбаева.

 Әлия Кемелбекова