Техникалық реттеу сауданы жеңілдетеді, бірақ онымен қоса, жаңа талаптарды игермеу айтарлықтай қатерге соқтырады.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуына орай жыл сайын техникалық тәртіп жасалады әрі қабылданады. Техникалық тәртіп өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Одақ нарығына кедергісіз шығуға арналған. Осы ретте «Атамекен» ҰКП Техникалық реттеу департаментінің директоры Нұртас Өтешовті реттеу деген не, қандай тетіктерге мән беру керек деген сауалдарға жауап беруін сұраған едік.  

­- Нұртас Әбітайұлы, күні бүгінге дейін қанша техникалық регламент қабылданды? Оларды енгізу жағы қалай?

- Кеңес құрылғаннан бері 40 регламент қабылданды, оның 35-і күшіне енді. Қабылданған техникалық регламент міндетті әрі Еуразиялық экономикалық одақ территориясында тауар айналымы мәселесін реттейді. Егер өнім техникалық талапқа сай болмаса, оған қандай да бір қосымша нормалар мен әкімшілік талаптарды қоюға тыйым салынады. Техникалық регламентті қабылдауда және күшіне енгізу мерзімін бекітуде мемлекеттің материалдық-техникалық базасы, сынау базасы, саланың жаңа талапқа көшу дайындығы ескеріледі. Әрбір техникалық регламент қабылданған соң, белгілі бір уақыттан кейін күшіне енеді. Сол уақыт аралығында жаңа талапқа сай қайта құрылуы шарт.

Техникалық реттеу сауданы жеңілдетеді, бірақ, оған қоса, жаңа талаптарды игермеу айтарлықтай қатерге соқтырады.

- Кей салалардың үлгермеген кезі болды ма?

- Иә, мысалы, бензинге қойылған техникалық регламент бойынша жаңартуға және жаңа талаптарға ауысуға үлгермеді. Сондықтан Қазақстан үшін жаңа өту кезеңі бекітілді. Мерзім ек рет ауыстырылды. Жаңа мерзім бекітілмеген жағдайда, зауыттар жұмысын тоқтатар еді. Шындығында, экпорттық әлеует жоғалды. Алайда Ресей өз бензинін кіргізе алады, ал біздің еліміз үшін мүмкін болмай отыр. Өндірушілер жаңа талапты игеруге үлгергенімен, ұлттық сынау зертханасының болмаған жағдайлары да кездесті. Яғни, тиісті өнім шығарылса да, Қазақстанда оны сынайтын жер жоқ. Осы жағдайды сараптап, қабылданған регламенттер бойынша жеті бағытта сынау зертханаларының жоқ екенін анықтадық. Мысалы, дөңгелекті-көлік құралдарының қосымшаларына немесе темір жол көлігі өнімдерінің электр жабдығына арналған зертханаларды айтуға болады. Айталық, біздің өндірушілер темір жол көлігінің өнімдерін сынақтан өткізу үшін Ресейге жеткізуге мәжбүр, ол жақта бір жылдан астам уақыт бойы сынақтан өткізіледі. Сынақ орнының жоқтығы, шет елде ұзақ мерзім сынақтан өткізу өнімді шығаруды бастауға, оның құнына кері әсерін тигізеді. Шын мәнінде өнімді өткізу тоқтатылады.

- Мемлекеттік бақылаушы органдардың да үлгермеген кезі болды ма?

- Әрине, ондай жағдайлар да орын алды. Мысалы, сүтті алайық. Сүт өніміндегі құрғақ сүтті анықтау әдісіне стандарт жасалмады. Осылайша, нарықта талапқа сай келмейтін сүт өнімдерінің пайда болуына мүмкіндік туды. Тиісінше, сүт өнімін дұрыс шығарып отырған өндірушілерге сырттан келген шетелдік жасанды өніммен нарыққа шығу қиындай түседі.

- Әлі қанша реттеу тәртібін қабылдау керек? Күшіне енетін техникалық регламент бойынша қандай жұмыстар жасалып жатыр?

- Жоспар бойынша әлі 21 техникалық регламент құрастыру керек. 2017-2018 жылдары 4 техникалық регламент қолданысқа енеді, сондай-ақ оларды енгізу үшін қажетті шаралар қабылдау керек.

Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламент талаптарын іске асыруға қажетті ұлттық жоспарлар іс-шарасын салалық мемлекеттік органдардың бекіту тәжірибесі өміршең әрі өзекті.

Қазіргі таңда 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енетін «Балық және балық өнімінің қауіпсіздігі туралы», 2018 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін «Отын ретінде қолдануға арналған көмірсутекті газды азайту талаптары», 2018 жылдың 1 наурызынан бастап қолданылатын «Электромехника мен радиоэлектроника бұйымдарында қауіпті заттарды қолдануды шектеу туралы» және 2018 жылдың 19 сәуірінен қолдана бастайтын «Аттракциондардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттер қабылданды.

Алайда бұл техникалық регламенттерге қатысты Іс-шаралар жоспары әлі күнге дейін қабылданбады. Кәсіпорынды тоқтату, экпорттық әлеуеттен айрылу немесе өткізуді кешеуілдету қаупі өте жоғары.

- Іс-шаралар жоспары қандай мәселелерді қамту керек?

- атқарылған іс-шаралардан айтар болсам, Жоспарда бірнеше іс-шаралар қамтылу керек. Атап айтқанда:

- ауқымды түсіндіру жұмыстарын, оның ішінде оқыту семинарларын да жүргізу;

- регламенттерге стандарттар тізімінде ұсыныстар жасау, соның ішінде әрбір регламентті сынау әдістемесіне тиісті стандартпен қамтамасыз етілуінің сараптамасын жүргізу;

- ЕАЭО СЭҚ ТН кодтарымен өнім тізбесінде кедендік процедуралардан өту үшін ұсыныстар жасау;

- мемлекетаралық стандарттар дайындау бойынша бағдарламаға ұсыныстар жасау, оның ішінде Қазақстан Республикасына бекітілген мемлекетаралық стандарттарды мемлекеттік стандарттау Жоспарына қосу;

- бар зертхана базасына тексеру жүргізу және сынау зертханаларын құру/жете жарақтандыру қажеттілігін анықтау, сондай-ақ сынау зертханаларына және олардың жедел аккредитациясына қаржы бөлу мәселесін анықтап алу;

- қабылданған регламенттер (кодекстер, заңдар, қаулылар, бұйрықтар және т.б.) талабына сәйкес ұлттық заңнаманы келтіру, оның ішінде Қазақстан Республикасының өнімдердің сәйкестігін міндетті түрде растау туралы қаулысына өзгертулер енгізу.

Тиісті шаралар болмағанда жоғарыда аталған салалар үшін келеңсіз салдарлар туындайтыны айқын.

- Осы бағытта Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қандай жұмыстар атқарып келеді?

- Мемлекеттік салалалық органдар іс-шаралар жоспарын қабылдамағандықтан, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік салалалық органдарға аталған регламенттерге Іс-шаралар жоспарын шұғыл түрде бекіту, сондай-ақ отандық экономиканың жаңа талаптарға ауыртпалықсыз өтуі үшін олардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету өтінішімен хат жолдады. Әрине, бұл жоспарларда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуын ескеру керек.