Астаналық тоқаштар шетел дастарханына жол тартады

Қазақстан территориясы  Ұлы Жібек жолы күре тамырында орналасқаны баршаға мәлім. Көне сауда жолында ірі қалалар мен базарлар, тарихи ескерткіштер мен бекеттер болған. Болашақтың қаласы Астана аймағынан да сауда жолдар өткен. Қарасы үзілмейтін,  қоржын толы керуендер, қазақ еліне тоқтап, арқадан шетелге қандай базарлық ала кеткен? Ақмола жерінің астығы сол кезден-ақ танымал болған екен.  Ресей, Бұхара, Қытай, Қиуа, Қоқанға біздің ұн мен бидай тасымалданған. Астығы мол өңірдің наны мен тоқаштары туралы аңыздар айтылады. Нарықтағы «Дударай»  сауда маркалы тоқаштар арқаның ұмытылып кеткен технологиясымен дайындалады. Бүгінде осы ескі дәстүрлерді жандандырған астаналық кәсіпкер Айша Абайқызының кәсіпкерлігі туралы сөз қозғамақпыз.  

– Айша Абайқызы, алдымен жеке кәсіпкерлігіңіз туралы айтып кетсеңіз, бастапқыда тәтті тоқаштарды жасау идеясы қайдан келді?

– Астаналық мұражай мұрағаттарында ХІХ ғасырдың танымал саудагері Баймұхамет Көшеғұловтың ойлап тапқан рецептурасын тауып, сол рецепт бойынша жақындарыма тоқаш әзірлеп бергенмін. Жақындарым даярланған сувенирлік тоқашты  өте қатты ұнатып, өте жоғары деңгейдегі баға бергеннен кейін, Көшеғұловтың ерекше рецептурасын қорғап, өкілетті органдардан патент алдым. Кейінірек «Дударай» брендін қалыптастырдым. «Дударай» брендінің ең басты мақсаты – біздің астаналық өнімді, Ұлы Дала тарихымызды қайта жандандыру болып табылады. Біз, Астана қаласының тумалары, елордамыздың даңқы мен мәртебесін «Дударай» брендінің арқасында әйгілі етіп, көпшілікке танымал ету үшін еңбектеніп отырмыз. Рас, нарық өте үлкен, бір ғана тәтті тоқашпен халықты таң қалдыра алмайсың. Алайда, еңбектенген адам, өз орнын қалайда еншілей алады.

– Арқада жаңадан танылып келе жатқан отандық тоқаштардың, «Дударай» брендінің, астаналық сувенирлік өнімнің тарихына қысқаша шолу жүргізіп өтсек.

– ХХ ғасырдың 50-60 жылдарында Ақмола тың игеру орталығы болған. ХIХ ғ. соңына таман Ақмолада 100-ден астам диірмен жұмыс атқарған болатын. Ақмола ұнын ірі көлемде Ресей, Қытай, Орта Азия сауда орындарына кәсіпкер Баймұхамет Көшеғұлов жеткізіп тұрды. Көшеғұловтың әртүрлі үлгідегі тәттілері мен пряниктерін балалар сағына күтті. Кондитерлік машықты игеру үшін кәсіпкер Баймұхамет Көшеғұлов Париж қаласында білім алып, 1845 жылы кәмпит және тоқаш фабрикасын ашқан болатын. 

– Бүгінгі таңда «Дударай» тоқаштарының сауда нүктелері бар ма? Экспо павильонында сауда қарқыны қалай? 

–«Дударай» брендінің сауда нүктелері астаналық әуежайда, «У Барабашки», «Фестиваль Авенью» желілерінде орналасқан.  EXPO 2017 көрмесі жайлы айтатын болсақ,  дайындығымыз қарқынды өтуде. Көптеген келіссөздер, ресми кездесулер орын алуда. EXPO 2017 көрмесінің шет елдік және отандық, астаналық қонақтарын таңқалдыру үшін еңбектеніп жатырмыз. Еуразиялық іскер кеңесі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына Астанада отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында EXPO сауда павильонын ашқандарына алғыс айтамыз. Бұл алаң тауарөндірушілерге шығарылатын өнімді көбейтуге, танылуға мүмкіндік беріп отыр.

ЕАЭО елдерінің ортақ сауда алаңына шығуға дайындықтарыңыз сувенирлік тоқаштардың сапасы, қапталған сәнді қорабына қарап дайын екенін аңғаруға болады. Шетел нарығына шығуды қашан жоспарлап отрысыздар?  

– Әрбір кәсіпкер  қазіргі жаһандану заманында шетелдік нарықты игеруді армандайды. Келешекте, әрине әлемнің сатып алушыларына өзіміздің астаналық тәттілерімізді ұсынуды жоспарлаймыз, 4-5 жыл аралығында біз бұл жоспарды орындаймыз деп үміттенеміз. Қәзіргі таңда «Дударай» тоқашы Мәскеу сауда павильонында қазақстандық өнім ретінде қойылатын болады. Дайындық жүріп жатыр.

– Фабрикаларыңыз тоқаштан басқа қандай өнім шығарады? Нарықта қанша жыл еңбектеніп жатсыздар?

– Кондитерлік цехымыз «Дударай» брендінің сувенирлік тоқаштан бөлек 20 түрден астам тәттілер әзірлейді. «Дударай» брендінің сувенирлік  тәттілері  қазақта жиі ұйымдастырылатын той-жиындардың көрігіне айналып келеді, себебі даярлайтын тәттілердің дәмі, сапасы, құрамы мен Қазақстанда жасалған қорапшалары көптеген сатып алушылардың көңілінен шығып жатыр. «Дударай» брендінің өз тауарын нарықта ұсыну 2016 жылдың 19 ақпан жулдызынан басталған болатын. Дайындалатын тәттілеріміздің құрамы 100% табиғи компоненттерден тұрады, сондықтан шығару бағасы да арзан емес. Басқа нарықтағы чупа-чупс, сникерс, киндер және т.б. тәттілері сияқты құрамында зиянды қоспалар кездеспейді.

– Фабрикалараңызда қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыздар?

– «Дударай» кондитерлік компаниясында сегіз қызметкер жұмыс істейді. Әрқайсысы – өз ісінің шебері. Аталған қызметкерлер әрдайым   кәсібімізде орын алатын бизнес процестерді толығымен өздері атқаруда. Дайындалатын тәттілер конвейерлік емес, қолмен дайындау   әдісімен әзірленеді. Келешекте қызметкерлер санын арттыру жоспарымызда бар.

– Жеке кәсіп ашқанда бизнес-жоспарды құратын, маркетолог, рецептілердің жөнін білетін технолог мамандардың болуы   қаншалықты маңызды?

– Өте маңызды, себебі қазіргі заманда бизнес алға бассын десеңіз, біріншіден кадр мәселесін  шешу керек. Нарық талабына сай болу   үшін, бизнес-жоспарды құрып, ұсыныс пен сұраныс деңгейін дұрыс есептеп беретін маркетолог маманы болуы қажет. Тағамыңыз дәмді және тез әзірленсін десеңіз, кәсібіңізде технолог-кондитер еңбектену керек. Айтылған іс-әрекеттер ол заманымыздың талаптарына сай болу үшін ғана.

 Неге көбінде отандық өнім қымбат келеді? Ешкімге ұқсамайтын тағам түрін шығару қаншалықты қиын?

–Отандық өнімнің қымбат келуінің бірнеше себептері бар. Біріншіден, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тапшылығының болуынан. Екіншіден, әкімшілік кедергілер, үшіншіден жаңадан ашылған стартаптары бар кәсіпкерлерге  консалтинг бойынша қолдайтын компаниялар, білім беретін орталықтар туралы ақпарат жете бермейді. Сол себептен, капиталы аз отандық кәсіпкерлер өздерінің бүкіл қаражатымен ашылған кәсібін қаржыландырып, өте көп тәуекелдерге барады, салықтардан да босатылмаған. Осы аталған себептерден бөлек талай шешуді талап ететін мәселер бар.

Ерекше тағам түрін шығару, әрине, өте қиын, әлемді дүркіреткен брендтермен бәсекелестікке түсуге мәжбүр боласың.  Мәселен, тамақ өнеркәсібінде танылу тіпті мүмкін емес. Ол үшін жылдар бойы зерттеумен айналысып, ерекше рецепт табылған жағдайда ғана патентті рәсімдеу керек.  Одан кейін халық арасында ерекше ойлап табылған тағам жайлы түсінік қалыптастыру үшін уақыт және қосымша қаражат керек.

– Әкімшілік кедергілер көп па, мәселен салық төлеу, ИП тіркеуде қандай қиындықтарға тап болдыңыздар? 

– Кедергілер бар, мәселен мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау деңгейі төмен дәрежеде. Жаңадан ашылған стартап компаниялар кез-келген банктік операция үшін комиссия төлеуге мәжбүр, тіпті шот ашқан, қаражатты аударған немесе алған кезде де. Одан бөлек, сауда орын-жайын жалдау, қызметкерлердің жалақысы ай сайын үзбей төлеп тұру қажет, тамақ өнеркәсібі саласы болғандықтан шикізатты да әрдайым сатып алу керек.

– Шикізатты қайдан аласыздар, шетелден қандай шикізат келеді?

– Тоқаштың құрамында, мысалы ұн немесе қант болсын, тек қана өзіміздің астаналық шикізат қолданылады.

– Демеушілер немесе мемлекет тарапынан қаржылай көмек алдыңыздар ма?

– Несие немесе грант қаржыландыру түрін алмадық. Кәсібімізді тек қана өз қаражатымыз арқасында құрдық. Бизнес концепциямыздың арқасында, қазіргі таңда  спонсорлық  қаржыландыру алып тұрамыз. Келешекте бизнесті ұлғайту үшін Мемлекеттік қолдау бағдарламаларын қолдануымыз мүмкін.

  

– Бәсекелестік ортасы қандай?

– «Дударай»  тәттілері, нан немесе сут сияқты күнделікті сатып алынатын тағам қатарына жатпайды. Өзіміздің пайымдауымызша, бәсекелестік ортасы әлі қалыптаспаған. Бизнес концепциясы жағынан алғанда да, дәл біздің Астанамыздың, Ұлы дала тарихын жандандыруға бағытталған «Дударай» брендінің тәттілерінен басқа отандық нарығымызда  әлі жоқ. Көп кәсіпкерлер   коммерциялық мақсатты ғана қуалайды.

– Шетелге көп шығасыздар, салыстырғанда Қазақстандық нарыққа не жетіспейді? 

– Мемлекет тарапынан әртараптандырған көмек, «бизнес ангел» деп аталынатын қосымша қаражат көздері, шетелден келген зиянды қоспалары бар тәттіні алғанша, халық арасында отандық кәсіпкерлерімізге қолдау көрсетейік деген патриоттық сезім жетіспейді.

– Соңғы сұрақ, Қазақстанда өз ісіңді бастау үшін шамамен қандай капитал керек?

– Егер шағын кәсіпкерлік ашуды көздесеңіз, ең аз дегенде 3-5 миллион шамасындағы қаражат пен кәсіпкерлік білім қажет.

–  Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Әлия Кемелбекова