Екі елдің сауда айналымы 2016 жылы – 66 млн АҚШ долларын құраған

5 мамыр күні Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Қазақстанның Мексика құрама штаттарындағы Қазақстанның елшілігі ұйымдастыруымен екі ел бизнес өкілдерінің кездесуі өткен болатын. Мексикалық бизнесмендер делегациясы Қазақстанға алғашқы рет келіп отыр. Жер бетінің арғы жағында орналасқан тропикалық мемлекет Қазақстан нарығын қызығушылық танытып, экономиканың түрлі салалары бойынша келісімдер жасауға ниетті. Екі ел арасындағы ынтамақтың жай-күйі туралы Қазақстанның Мексикадағы төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстанның мемлекеттік қайраткері Андриан Елемесовтен сұрадық.

– Андриан Көпмағамбетұлы, Мексика құрама штаттары экономикасы туралы айтып кетсеңіз.   

– Қазақстан мен Мексиканың дипломатиялық қарым-қатынасы 1992 жылдан басталған. Мексика Құрама штаттары Солтүстік Американың оңтүстік-батысында орналасқан, Тынық мұхитымен шектесіп жатқан дамушы мемлекет. Экономикасы да айтарлықтай. Көршісі – АҚШ, үлкен суларға жолдары бар бұл елдің сауда қатынастары жақсы, мексикалық өнімдері әлем нарықтарында саудаланады. Мексикалық туризм әлемнің үздік ондығында. Сондықтан бұл мемлекетпен бизнес саласында ынтымақтастық орнату Қазақстан үшін тиімді болады деп есептеймін.

– Мексикалық кәсіпкерлер делегациясы қазақ жеріне алғаш рет келіп отыр. Жалпы мекисикалықтар Қазақстанға қандай баға беріп отыр?

– Мексикалықтар Қазақстан Республикасын Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, әдемі Астанасы бар мемлекет ретінде жақсы таниды, ал экономикасы мен нарығы туралы хабарсыз. Бір сөзбен айтқанда қазақтың мәдениеті, экономикасы, кәсіпкерлігі неге негізделеді олар үшін қызықты, олар қазақстандық бизнеспен жақынырақ танысуға келді. Міне, екі ел арасындағы экономикалық байланысты арттыру мақсатында осы келіссөздер ұйымдастырылып отыр. Мәселен, Елбасы айтып кеткендей, Қазақстан теңіз суларына шыға алмаса да екі алпауыт Қытай мен Ресеймен шектеседі, бұл мемлекеттер біздің мұхиттар. Мексикалықтарды Қазақстанның осындай мүмкіндіктері де қызықтырады.  

–Өзара байланыста бізге қандай тиімділік бар? Мәселен, Мексика алыс, бізді байланыстыратын логистикалық жолдар дамымаған...

–Қазақстанға жаңа инвестициялық серіктестер керек. Қашықтық ол бөлек мәселе.  Бизнес өзге нарықтарға шығуды көздеуі қажет. Қазақстан осы уақытқа дейін Солтүстік Америка құрлығында тек АҚШ-пен экономикалық байланыста болған, Мексикадан тауар импорттаған.  

–Атап айтқанда елімізге қай саланың кәсіпкерлері келді?

–Ұзақ келіссөздер нәтижесінде біз мексикалықтардың тек ірі компанияларын шақыруға тырыстық. Бізге өндіріс пен тамақ өнеркәсібі, туризм, қонақ үй бизнесі, ІТ индустрия, мұнай химиялық өндірісі, ауыл шаруашылығы салалары бойынша инветициялық әлеуеті жоғары биснесмендер келді. Осы үш күндік сапарда түрлі келіссөздер жүргізіледі. Делегациянының салалық министрліктерінде де кездесулері ұйымдастырылды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы екі ел бизнес өкілдеріне емін-еркін келісімдер жасауға жағдай жасады. Мәселен, мексикалық кәсіпкерлер Солтүстік Қазақстанда ақ жүгеріні өсіріп, оны өндіріп, Ресей мен Қазақстан нарығында жүгерілік чипсілерді сатпақшы. Өз алдына олар қазақстандық бидай, минералдық заттарды сатып алуды көздейді.

– Қазіргі таңда екі ел арасындағы экономикалық байланысы ахуалы қандай?

– Екі ел арасындағы сауда айналым көрсеткіші 2011-2014 жылдары 60 млн АҚШ долларынан 121 млн АҚШ долларды құраған. 2015 жылы бұл көрсеткіш 71 млн долларға өсті. 2016 жылы – 66 млн. доллар. Бұл жерде қазақстандық тауардың өтімділігі аз, мәселен, осы 66 млн-ның 65 млн-ны мексикадан келген тауарларға тиесілі, ал 700 мыңы ғана біздің экспорт.    

– Андриан Көпмағамбетұлы, келіссөздерге қандай баға бересіз?

– Қазір мексикалықтар қазақстандық тауарларға сараптама жасап жатыр. Мамандар елорданың супермаркеттеріне барып өнімдерді Мексика нарығына таңдауда. Қазақстандық тауарлардың бір артықшылығы – экологиялық тазалығында. Оны шетел конақтары да  байқап отыр. Әзірге тізім жасалып жатыр. Өз алдына мексикалықтар жеміс-жидек, көкөністің нарықтағы бағасына таң қалды. Олар қазақстандық нарыққа барлық салықтарды және өзіндік құнды ескере отырып, арзан әрі сапалы жеміс-жидектерді әкеле алатынын айтып отыр. Олардың айтуынша қазақстандық нарықтағы тропикалық жемістердің сапасы сын көтермейді.  

Әзірге келіссөздер әлі де жалғасып жатыр. Байқауымызша қазақстандық бизнесмендердің Латын Америкаға деген көзқарасы әр түрлі. Дегенмен, жақсы келесімдер жасалады деп үміттенеміз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Әлия Кемелбекова