Сұрақ-жауап

Мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалығын қалай ашуға болады? 

Шаруа қожалығы ерікті негізде жасақталады және жер телімін пайдалануға құқық алғаннан немесе жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап құрылған болып есептеледі. Шаруа қожалығын бірлескен кәсіпкерлік негізінде тіркеген кезде мемлекеттік тіркеу туралы куәлік шаруа қожалығының басшысына беріледі. Куәлікке шаруа қожалығы мүшелерінің тізімі қоса тіркеледі. Шаруа қожалығы жергілікті жердегі Салық мекемесінде тіркеледі. Шаруа қожалығының басшысы жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуден өту үшін құжаттар өткізеді: 1) тіркеу есебіне алу туралы өтініш; 2) жер телімін тұрақты пайдалану туралы меншік құқығына немесе уақытша пайдалану турады келісімшарт Актісі; 3) Шаруа қожалығы басшысының 3х4 суреті. Ресей, Беларусия, Қырғызстан елдерінің азаматтарын Қазақстан Республикасында тұруға рұқсат етілген ықтиярхат болған кезде ғана жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге болады. Өзге елдердің азаматтарын ҚР аумағында жеке кәсіпкер ретінде тіркеу мүмкін емес!

Асыл тұқымды малдың төлқұжатын кім береді?

Асыл тұқымды мал мәртебесін беруді ірі қара мал тұқымдары бойынша республикалық палаталар оларды тіркеу жолымен жүзеге асырады.  Асыл тұқымды мал мәртебесі малдың тіршілігі кезінде бір рет, ірі қара малдың әр басына ол туылғанда беріледі. Меншік құқығы кейіннен ауысқан жағдайда, асыл тұқымды малдың жаңа иесі туралы деректер асыл тұқымдық куәлікке енгізіледі. Асыл тұқымды өнімге асыл тұқымдық куәлікті алу үшін нысан бойынша палатаға өтініш береді. Өтініш беруші өтініште өткізілетін малдың санын, олардың бірдейлендіру және тіркелу нөмірін көрсетеді. Өтінішті алғаннан кейін палата күнтізбелік он күн ішінде тіркеу журналында, селекциялық және асылдандыру жұмысының ақпараттық базасында тіркеу жолымен асыл тұқымды мал мәртебесін беруді жүзеге асырады және өтініш берушіге ірі қара малдың палатадағы тіркеу нөмірін көрсетіп, жазбаша түрде хабарлайды (http://mgov.kz/ob-utverzhdenii-pravil-prisvoeniya-statusa-plemennogo-zhivotnogo/).

Мал шаруашылығындағы «АЖС» деген не?

АЖС – ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жөніндегі деректер базасы (www.iszh.kam.kz ресми сайты). Малдың басын көбейтіп, оны арнайы тіркеуге қою үшін осы сайтқа, яғни АЖС деректер базасына жүгіну керек. Малды тіркеуге қойған соң әр басқа малдың жеке нөмірі беріліп, құлаққа сырқа тағылады. Бұл тәсіл әсіресе асыл тұқымды малды асырауда қажет. Мәселен, тіркелген малдың нөмірін деректер базасына енгізіп, малдың төлдеген жылын, денсаулығын, қай фермада тұрғанын білуге болады. Бұл рәсімдер малды сату, сатып алу үдерісін жеңілдетеді. 

Мал шаруашылығында «АТЖ» ұғымы нені білдіреді?

АТЖ – селекциялық асыл тұқымдық жұмыстың бірыңғай ақпараттық базасы. Асыл тұқымды мал шаруашылығын қолға алып, мал түрлерін сатып алғыңыз келсе, (АТЖ) бірыңғай ақпарат базасына тіркеліп, қандай мал түрін (ірі қара мал, қой, жылқы, түйе, шошқа шаруашылығы) белгілеу керек. Тіркелу кезінде  кәсіпкер жеке бас мағлұматтары (аты-жөні, ЖСН, т.б.) кәсіпкерлігінің бағыты, шаруашылығының аты, тұрғылықты мекен-жайы туралы ақпарат беруі тиіс. Асыл тұқымды малды қандай мақсатпен сатып алғысы келетіні туралы да жазу қажет. Тіркелу үшін: Асыл тұқымдық жұмыстың бірыңғай ақпараттық базасы - www.plem.kz.

Агроөнеркәсіп өнімдерін өткізуде проблемалар бар. ҰКП бұл бағытта не ұсынады?

Дәл осы бағытта өндірушілерді біріктіру және мамандандыру үшін бізге ауылдағы кооперацияларды дамытумен қатар мемлекеттің көмегі қажет. Бұл тұтынушыға да пайдалы. Айталық, тауарлардың өндірушіден қалаға жеткенге дейінгі тізбегін сараптау өнімнің 20-40%-ға дейін қымбаттай беретінін көрсетті. Осыған орай, «Атамекен» ҰКП өнімді тікелей өткізу мақсатында сауда желілері мен ауылшаруашылық кооперативтері арасындағы ынтымақтастық құруға келіп тірелетін тәсілді ұсынады. Біз мұндай жобаны Алматыда бастап кеттік, және бұл модельді басқа қалаларда да ілгерілетуге ден қоямыз. Біз мұнда сауда желілері мен ауылшаруашылық кооперативтері арасындағы сауданы дамытудың үш кезеңін белгіледік. Бірінші кезеңде фермерлерді кооперативтерге біріктіру көзделеді, сонда өндірістің мамандануы және желілермен тікелей сауда тереңдей түседі. Екінші кезеңде – фитосанитарлық және ветеринарлық бақылаудан өтуі тиіс, тиімді өңіраралық қайта бөлініске түсетін ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, қаптау, сақтау, тасымалдау және сатып өткізу жұмыстарын ұйымдастыруға арналған пилоттық Көтерме-Тарату Орталығын (КТО) құру. Үшінші кезең – енді бүкіл Қазақстан бойынша өңірлер арасында өнімді тарату және сыртқы өткізу нарығына экспорттау үшін КТО-ның тиімді желісін құру, көрші мемлекеттердің осыған ұқсас желілеріне интеграциялау. Халықаралық тәжірибе бойынша, көптеген табысты нарықтар мемлекеттік қаражаттың есебінен қалыптасты және мемлекеттік меншікке жатады. Сол себепті біз мемлекетке аграрлық өнімді тікелей өткізу жүйесін қалыптастырудың интеграторы болуды ұсынғалы отырмыз. Біз Алматы қаласының ірі сауда желілерімен: Рамстор, Магнум, Арзан, Алма, КарФур, Метромен консультациялар өткіздік, және де түсіністік пен қолдау таптық және  сұхбаттасуға дайын екендіктерін білдік. Бүгінгі таңда 11 кооператив құрылып үлгерді, олар сол сызба бойынша жұмыс істеуге дайын, алдағы уақытта олардың саны көбейе түседі. Оның ішінде Қазақстанның басқа өңірлері де бар. Мұндай модель жұмыспен қамтудың артатынын, ауылшаруашылық өндірісінің дамуын, өз өнімдерімізбен қамтамасыз етуді білдіреді. 

АӨК саласы несиелендіріле ме?

Сөзсіз. Бұл маңызды сұрақ. Қазір мұнай бағасы айтарлықтай түсті. Бұрынғыдай шикізат экономика өсімінің драйвері бола алмайды. Бізге әртараптандыру, басқа модельге өту қажет. Мұнда бірінші орында ауыл шаруашылығы тұр. Әлемде азық-түлікке деген сұраныс тұрақты түрде өсіп отыр. Бұл адамдар санының артуымен, олардың жағдайының жақсаруымен байланысты. Мәселен, Қытайда өмір сүру деңгейі тұрақты түрде өсуде, болашақта 1,2 млрд адам дамыған елдер қатарында тұтынатын болады. Бұл алып нарық. Агроөнеркәсіп хал-ахуалымыздың мұнайға қарағанда сенімдірек негізі болмақ. Бізде халықтың жартысы дерлік ауылда тұратынын ескерсек, бұл дегеніміз – бұқара халықты келешегі кемел әрі табысты өндіріске тарту. Қазақстан сұйық май өндірісін 4-5 есе; сиыр етінің өндірісін 2 есе; қой етінің өндірісін 2 есе; алма өсіруді 5 есе т.б. арттыра алады. Әлеует бар, алайда ол пайдаланылмайды. Төңірегімізде алып нарықтар, зор сұраныс бар. Мәселен, 2014 жылы көршілеріміз – Ресей мен Қытай сиыр етін ғана 4 млрд долларға сатып алды. Біз қазірше өзімізді ғана толықтай қамтамасыз ете алмай отырмыз – 2015 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қаақстан АӨК өнімдерін 3,2 млрд-тан астам долларға импорттады. Сондықтан АӨК дамуының маңызы зор. Оған жетудің жолдардың бірі – ауылшаруашылық кооперациялары. Ол, айтпақшы, «100 қадам» бағдарламасында басым бағыт ретінде көрсетілген. Қазір ауылда шағын шаруашылықтар басым болып тұр. Мәселен, 2015 жылы ауылшаруашылық кәсіпорындары 677,2 млрд теңгеге, шаруа/фермерлік қожалықтар 882,6 млрд теңгеге өнім өндірді. Ал жеке қосалқы шаруашылықтар 1,2 трлн теңгедей сомаға өндірген. Елбасы ауыл шаруашылығындағы бизнестің дамуына кедергі келтіретін барлық кедергілерді жоюға тапсырма берді. Ұлттық палата бұл бағытта белсенді жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда республика бойынша 2 мыңнан астам ауылшаруашылық өндірістік кооперативі тіркелген, соның ішінде 130-ын ҰКП сүйемелдеуде. Алайда, ерекше назар аударатын мәселелер бар. Ауылшаруашылық өндірістік кооперативі ретінде ірілендірілген ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер қаражаттың жоқтығына қатысты мәселеге тап болып отыр. Банктердің несиелік желісі өте қымбат, ал кооперативтердің кепілдік мүліктерін банктер кепілге алғылары келмейді. Көптеген кооператорлар өндірісті жаңғыртуға, ауылшаруашылық техникаларын жаңалауға және жаңа жұмыс орындарын құруға ниетті, алайда оларға арзан әрі ұзақмерзімді қаражат қол жетімсіз. Сондықтан біз қазір мемлкеттік органдар арқылы ауылшаруашылық кооперативтерін несиелендіру бағдарламасын ілгерілетудеміз.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын несиелеуді дамыту мақсатында қандай жұмыстар жүргізеді?

Биыл «Атамекен» микронесиелеу бағдарламасын еліміздің үш аймағында – Алматы, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында жүргізеді. Бұл несиелер шағын бизнестің мұқтаждығын қанағаттандыру үшін беріледі. Әрі, бірыңғай ауылдық елді мекендердегі, моно-, және шағын қалалардағы кәсіпкерлікті дамыту қамтылған. Микронесиелеу жүйесі қажеттілігінің басты себебі – бұл халыққа арналған қаражатқа қол жеткізу. Қаржыға, арзан қаржыландыруға қол жеткізбей, бизнесті жүргізу өте қиын. Бұл ретте бізде де, өзге барлық посткеңестік кеңістіктегі сияты, қаржыны тек ірі қалалар тұрғындарына алу жеңіл. Қалғандары, әсіресе ауыл тұрғындары, қаржылық қызметке іс жүзінде қол жеткізу мүмкіншілігінен айырылған, банктер шалғайдағы шағын бизнес қажеттілігін несиелеуге дайын емес. Несиеге қол жетімсіздік аймақтардағы кәсіпкерлік ынтаны тежейді. Қазіргі кезде, статистика бойынша, 15 жастан жоғары экономикалық белсенді тұрғындардың саны шамамен 8,9 млн. адамды құрайды (2016 жылғы мәлімет). Олардың ішінде бизнеспен айналысқысы, өз ісін ашқысы келетін көптеген адамдар бар. Оларды әсіресе жұмыспен қамту мәселесіне үлкен сұранысы бар аймақтарда қолдау қажет, себебі олар қосымша жұмыс орындарын ашады. Несиелеу инфрақұрылымын аймақтарға, қаражаттарға өткір сұранысы бар шалғайларға ауыстыру қажет. Микронесиелеу бағдарламасы нақты осыған бағытталған. Микронесие банктер қоятын қатаң шарттарсыз, бастапқы капиталсыз, несиелік тарихсыз қол жеткізуге мүмкіндік береді. Микронесиелеу «АЛМЭКС» холдинг тобы» АҚ бөлген қарыз ақша есебінен жүргізіледі. Жалпы сомасы – 1 млрд 200 млн теңге. Оның ішінде ҰКП әр облысқа 300 млн теңге бөледі, ал ақшалай қаражат қарыз алушыға 7% сыйақы мөлшерлемесімен беріледі. Микронесиелеу бағдарламасы бойынша қаржы алған алғашқы кәсіпорындар да бар. Мысалы, Ақтөбе облысында өсімдік шаруашылық саласына, көшет сатып алуға, тамшылық суару жүйесіне 25 млн теңге несие берілді. Қызылорда облысында тұқымдық сүтті ешкілерді өсіру, омарташылық, ет шикізаттарын өндіру бойынша жобаларға 20 млн теңге шамасында қаржы бөлінді.

Алматы мен Ақтөбе облыстарында, «АЛМЭКС» холдингтік тобы» АҚ беретін қаржы есебінен, несиені қалай алуға болады? 

Алматы мен Ақтөбе облыстарының кәсіпкерлері, 6% сыйақы мөлшерлемесі бойынша 500 мыңнан 16968 мың теңгеге дейінгі сомада несие ала алады. Несие мерзімі – 54 (елу төрт) айға дейін. Несиені шаруа және фермер қожалықтары, жеке кәсіпкерлер, шағын кәсіпкерлік субъектілері болып саналатын заңды тұлғалар пайдалану мүмкіндігіне ие. Осы арқылы ауылдық жерлердегі, шағын қалалардағы кәсіпкерлік қызметтік барлық түрі дамытылатын болады. Алайда, несие, тұтынушылық мақсатқа, өткен несиелерді өтеуге, қарызды қайта қаржыландыруға, тұрғын жылжымайтын мүлік пен жер телімін алуға, сауда-саттыққа берілмейді. Сыйақыны өтеудегі жеңілдік мерзімі – 6  ай. Негізді қарызды жабу бойынша жеңілдік кезеңі – несиелеу аралығының 1/3 бөлігінен аспауы тиіс. Несие жылжымалы/жылжымайтын мүлікпен, жер телімімен, автокөлікпен, ауыл шаруашылығы техникасымен, құрал-жабдықпен және т.ғ. басқа нәрселермен қамтамасыз етілуі керек. Толық ақпаратты алу үшін осы облыстардағы Кәсіпкерлергі қызмет көрсету орталықтарына немесе Кәсіпкерлер палатасына жүгіну қажет. Тиісті мамандар несиелеу тұрғысында кеңес беріп, құжат жинауға көмектеседі. Сонымен қатар, кәсіпкерлер мұнымен бірге, КҚКО/КҚО қаржылық емес қызметтерін қолдана алады (мысалға, жобаны бухгалтерлік және заңгерлік сүйемелдеу).     

Кәсіптік-омбудсменнің нақты міндеті не? 

Қазақстанның кәсіпкерлерінің құқын қорғайтын өкіл, ол кәсіпкерлік ортаның мақсат-мүддесін қорғаушы, құқықтық қорғауды қамтамасыз етуші. 1) Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік және өзге де ұйымдарда, халықаралық, шет елдерде қазақ кәсіпкерлерінің мүддесін қорғайды, құқықтық қорғауды қамтамасыз етеді; 2) кәсіпкерлердің шағымдарын қарастырады; 3) мемлекеттік органдарға кәсіпкерлер құқын қорғайтын ұсыныстарын енгізеді, заң аясында тоқтатылған нормативті құқықтық актілер бойынша кеңес береді; 4) кәсіпкерлердің құқығын бұзған кезде тиісті қадам жасаған, не жасамаған мемлекеттік органдарға (лауазымды тұлғаларға) бағыттайды, құқығы тапталған кәсіпкерге оны қалпына келтіруге кеңес береді, құқықты бұзған тұлғаларды заң алдында жауап беруге тартады; 5) кәсіпкердің бұзылған құқы дер кезінде қайта қарастырылмаса, мемлекеттік органдар үстінен прокуратураға шағымданады; 6) ҚР Президентінің қарауына шағым түсіреді, егерде кәсіпкердің құқы жүйелі түрде бұзылған болса, оларды мемлекеттік органдар дейгейінде шешу мүмкін болмаған жағдайда; 7) кәсіпкерлік субъектілерінің міндеті мен құқына қатысты мағлұматтарды мемлекеттік органдардан, немесе лауазымды тұлғалардан сұратады, тек мемлекеттік, коммерциалық, банктік, және өзге де құпия мәліметтерден басқасын; 8) сотқа шағымды ҚР заңнамасына сай түсіреді, 9) кәсіпкерлік субъектілерінің бұзылған құқын қалпына келтіру үшін өзге де заңды қадамдарды жасайды. 

Кәсіптік-омбудсмен институтын нығайтудың не қажеттілігі бар? 

Бүгінгі таңда кәсіптік омбудсмен интитутын нығайтудың маңызы зор. Ол туралы Елбасы «100 нақты қадам» жоспарында айтып өтті. Бұл бағытта жасалған істер аз емес. Институттың маңызыдылығы туралы Нұрсұлтан Назарбаев: «Кәсібі бар әр қазақстандыққа шын мәніндегі көмек сол. Кәсіпкерлердің жағдайын күн өткен сайын жақсарта беру мемлекеттің назарында болады. Қазақстанның 30 дамыған елдер қатарына кіруіне жол бастайтын шара. Бұл жағдай, мемлекеттің оны дамыту үшін бөлген қардысы далаға кетпес деген сенімдемін. Кәсіпкерлікті дамыту экономикамызға үлкен серпін береді. Жұмыс орны көбейеді, барлық қазақстандықтардың әлеуеті жақсарады» деген. Кәсіптік-омбудсмен институтының лайықты дамуы елдегі кәсіпкерлікті дамыта отырып, күллі отандық кәсіпкерлікті аяғынан тік тұрғызатын болады.