Қыруар салықтар мен айыппұлдардың астында қалған Петропавлдағы зауытқа Кәсіпкерлер палатасы көмекке келді

Солтүстік Қазақстан облысындағы Кәсіпкерлер палатасына электр өткізгіш материалдар шығаратын «Изолит» ЖШС-дан Алғыс хат келіп түсті. Хатта кәсіпорын өкілдері көрсетілген көмек пен салық төлеу саласындағы проблемаларды шешіп бергені үшін алғыс білдірген. Палата қызметкерлерінің өзара іс-қимылы нәтижесінде компанияның 19 млн теңгеден астам сомаға тең мүддесі қорғалды.

Істің мәні мынада, СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Изолит» ЖШС-ның жұмысына қатысты 2011 жылдың 1 қаңтары мен 2015 жылдың 31 желтоқсаны аралығында кешенді салық тексерісін жүргізген болатын, нәтижесінде ҰКС (ұжымдық кіріс салығы) бойынша 23 663 310 теңге, ҚҚС (қосымша құн салығы) бойынша 252 186 теңге қосымша салықтар төлеу туралы ескертулер жасалып, сондай-ақ 499 мың теңге сомасында өсімпұл салынды. Бұдан басқа, «Изолит» ЖШС-ға аударылған салық сомаларының және бюджетке төленетін басқа да төлемдердің 30 пайызы көлемінде айыппұл тағайындалды, бұл сома 7 098 993 теңгеге тең болған.

2016 жылдың шілдесінде «Изолит» ЖШС өкілі осы проблемамен СҚО Кәсіпкерлер палатасына хабарласқан болатын, ол салық органдарының шешіміне сот арқылы арыздануға көмек сұраған. Өйткені мұндай қосымша салықтар мен айыппұлдар зауытқа зор қаржылық соққы болып тиюі мүмкін. Іс материалдарын зерттей отырып, СҚО Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары СҚО МКД хабарламаларына сотқа дейінгі тәртіпте, шағымды жоғары органдарға бағыттай отырып, шағымдануға кеңес берді.

Палата сарапшысы кәсіпорынның бухгалтерлік құжаттамасын зерттеп, талдау жасады және «Изолит» ЖШС басшылығына олқылықтарды жою туралы ұсыныс айтты. Нәтижесінде ҚР Қаржы министрінің Мемлекеттік кірістер комитетіне жолданатын шағымның мәтіні жасалды. Шағымда амортизациялық аударымдар мен негізгі қаражаттар, сонымен бірге 2011 жылғы өндірістік желіні пайдалануға беру кезіндегі салықтық жеңілдіктер, ҰКС бойынша шегерімдер бөліміне жатқызылды.

Проблеманы шешуге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшылары атсалысып, олар ҚР ҚМ Мемлекеттің кірістер комитетінде «Изолит» ЖШС мүддесін қорғап қалды.

2016 жылдың қыркүйегінде МКК-де ЖШС мен ҰКП өкілдерінің қатысуымен шағымды қарау бойынша кездесу өтті. Кәсіпорын МКК-де қосымша материалдарды көрсетті. Кездесу қорытындысына сәйкес, шағымды қарау мәселелері бойынша салықтық тексеруді қайта өткізу туралы шешім қабылданды. 2016 жылдың желтоқсанында қайта тексеру нәтижелері бойынша ҰКС сомасы 19 191 535 теңгеге дейін азайтылды.

Айта кетейік, «Изолит» ЖШС көп жылдық тарихы бар кәсіпорын. Электр өткізгіш материалдар шығаратын кәсіпорын 1941 жылдың желтоқсанында Петропавлда, Мәскеу және Мәскеу облысы зауыттарының бөлігін көшіру негізінде құрылған. Кейіннен зауытқа М.И.Калинин есімі берілді. Кәсіпорын Кеңес Одағындағы электр өткізгіш бұйымдарын өндіретін ірі зауыттардың бірі саналды. 1992 жылдың 9 қаңтарында, М.И.Калинин атындағы Петропавлдағы электр өткізгіш материалдарын шығаратын зауыттың №1 цехының негізінде «Изолит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды.