Мектепке дейінгі білім берудегі бизнестің құқығы заңмен реттелуі тиіс

«Атамекен» ҰКП алаңында «Нұр Отан» партиясы, «Атамекен» ҰКП, «Асыл бала» республикалық қауымдастығы және Қазақстанның мектепалды білім беру қауымдастығының ұйымдастыруымен, сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Астананың білім басқармасы өкілдері  қатысуымен  жеке меншік балабақшалардың мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысы өтті.

Жекеменшік балабақшалар саны артқан

Сұранықа қарай әрі мемлекеттің көмегімен қолжетімді жекеменшік балабақшалар саны өскен. Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтың мәліметінше мемлекеттік қолдау арқылы   Астана қаласы бойынша 2016 жылы жеке меншіктегі 44 балабақша ашылды. Қазір елордада мектепке дейінгі осындай 116 білім беру мекемесі бар.  «Біз «Балапан» бағдарламасының аясында қолдау көрсете аламыз. Яғни, бір бала үшін мемлекет 23 мың теңге төлейді, ата-ана 20800 теңге төлеп жатыр. Бұрын ата-аналар жекеменшік балабақшаға 23 мың төлейтін. 2016 жылдың шілде айынан бастап, 20800 теңге төлейді. Жекеменшік балабақшалар 2016 жылға дейін мемлекеттік тапсырыс бойынша, бір балаға 15900 теңге алатын. Жергілікті бюджет арқылы осы соманы 23 мың теңгеге дейін өсірдік», – деді Қ.Санғазыев.

Мектепке дейінгі білім беру жүйесі бала тәрбиесінде шешуші рөл атқаратыны анық. Бала зиятын ашудағы алғашқы қадамдардың маңыздылығын ата-аналар біліп, балабақша кезегіне тұрады, сәбиіне сапалы білім орталығын таңдауға тырысады. Балабақшаларға сұранысты реттеу үшін жекеменшік балабақшалар керек. Алайда жеке кәсіпкерлерге бұл салада бизнес жүргізуде кедергі көп.

Астана қаласы Білім басқармасының басшысының айтуынша Елордада күніне 70-75 сәби дүниеге келеді, тәулігіне 80-90 бала балабақшаға кезекке тұрады. «Бұл жақсы демографиялық көрсеткіш. Жекеменшік балабақшалардың мәселелрін шешепесек, 2020 жылға қарай балаларды 100 пайыз мекетепке дейінгі білім берумен қамтамасыз ете алмай қаламыз», – деп атап білім басқармасы басшысы.

Балабақша ашқан кәсіпкерлер бизнестерінің қорғалмағандығын, кәсіпке қойылған талаптардың жоғарылығын, табыстың аздығын алға тартады. Айта кетелік, аталмыш мәселелер бойынша «Атамекен» ҰКП алаңында бірнеше талқылаулар өткен. Аталған мәселелер салдарынан мемлекет-жекеменшік серіктестік жүзеге аспай отыр. Неге?

Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар тым қатал

Санитарлық ережелер және нормалар мектеп жасына дейінгі балалар ұйымдарындағы орналастыру жағдайына, жер учаскесіне, ғимаратқа, үй-жайларды жабдықтауға, тамақтандыруды ұйымдастыруға, ауа арқылы жылыту режиміне, табиғи және жасанды жарықтандыруға, су және канализация жүйесімен қамтуға, медициналық қызмет көрсету және тазалық тәртібіне үйретуге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптардан тұрады. Алайда бұл нормалар жекеменшік балабақшаларға келе бермейді. Өйткені, олар әдетте орналасуы мен ішкі жабдықталауы бойынша стандартқа сай келмейді. Бизнес үшін балабақшаларға арнап стандартқа сай жаңа ғимарат салу тиімсіз. Сондықтан жекеменшік балабақшалар иелері санитарлық талаптарды жеңілдетуді сұрайды. Мектепалды білім беру қауымдастығының Талдықорған қалалық филиалының директоры Маржан Ахмеджанованың айтуынша жекеменшік балабақшалар көбінде көпқабатты үйлердің бірінші қабаттарында, коттедждерде ашылуға мәжбүр. Мұндай шектеулерде санитарлық нормаларды сақтау тым қиын. Санаулы бөлмелері бар нысанда медициналық кабинет ашып, оған лицензия алу мүмкін емес. Өз алдына ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне қарасты Санитарлы-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Марал Рақымжанова санитарлық талаптар жеңілдетілсе, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне кері әсер етенін алға тартты.

Бала тәрбиесіне тексерулер кедергі жасайды

Жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер түрлі құзырлы  органдардың бақылауынан көз ашпайды. Қағазбастылық, есеп беру машақаты балабақша қызеткерлердің негізгі міндеті – бала тәрбиесіне арналған уақытты азайтып отыр. «Жекеменшік балабақшаларға тексерулердің көптігі осы саланың қарқынды жұмыс істеуіне, заманға лайықты тәрбие мен білім беру деңгейне кері әсер тигізуде. Осы мәселе қоғамдық талқыға салынбаған соң, нәтижесі тексерулердің шексіз, жүйесіз, тіпті себепсіз тексерулерге әкеп отыр. Жекеменшік балабақшаларды барлық органдар: прокуратура, еңбек инспекциясы, СЭС, жергілікті атқарушы органдар, өрт сөндіру инспекциясы, қаржы бақылауы, есеп комитеті, жемқорлыққа қарсы комитеті, т.б. тексереді. Әдетте тексеріс балалар тыныштығын бұзып, тексерушілер сырт киімдерімен кіріп, шырқымызды бұзады. Тексерістер керек, дегенмен олардың мерзімін, жиілігін азайтып, жүйеге келтіру қажет», – деді Мектепалды білім беру қауымдастығының Алматы қалалық және Алматы облыстық филиалының директоры  Күләнда Батырбекова.

Жалға алынған үйлердің жер учаскелері бизнес үшін емес

Жекеменшік балабақшалар стандартты ғимараттар тапшылығынан әдетте  коттедждерде, жер учаскесі бар үйлерде  ашылған. Заңнамаларға сәйкес балабақшаға қарайтын жер учаскесі нысаналы мақсатына қарай мектепке дейінгі мекемеге арналуы шарт. Алайда балабақша ашқан кәсіпкерлердің 80-90%-ы ғимараттарды жеке тұлғалардан жалға алады. Демек, коттеждердің жер учаскесі нысаналы мақсатына қарай жекеменшік иенің қолында, бұл стандартқа сәйкес емес. Осы мәселе бойынша құзырлы органдар балабақшаларға айыпұлдар салып отыр. Жекеменшік үйін жалға беруші жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерткісі келмейді. Ал жер учаскесін қолдану талабын өзгерту қыруар қаражатты талап етеді. 

Бизнес ретінде пайдасынан машақаты, табысынан шығыны көп балабақшалар осындай кедергілер салдарынан жабылу алдында тұр. Мемлекет пен бизнес өкілдерін кеңесуге шақырған «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы тараптарды нақты шешімдер қабылдауды ұсынды. «Көтеріліп жатқан мәселе маңыздылығы жоғары. Өйткені жасалып жатқан жұмыстың соңғы тұтынушысы, болашағымыздың иелері, ұлтымыздың  ертеңі – бала екенін ұмытпауымыз керек», – деді «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Шағын және орта бизнесті дамыту департаменті директорының орынбасары  Ирина Тюгина.  

 Әлия Кемелбекова