Келісімшарт 441 дәрілік құрал аталымы мен 180 медициналық мақсаттағы бұйымдарға қатысты

20 сәуір күні «СК-Фармация» ЖШС бірыңғай дистрибьюторі мен отандық тауар өндірушілер арасындағы ұзақ мерзімді келісімшарттың қолданылу мерзімін 7 жылдан 10 жылға дейін ұзарту туралы  қосымша келісім жасалды.

Бұл Қазақстан республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, «СК-Фармация» ЖШС, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірлескен үш жылдық жұмысының қорытындысы.

2015 жылдың 1 қаңтарына дейін жасалған жеткізу келісімшартын 7 жылдан 10 жылға дейін мерзімін ұзарту отандық өндірушілер үшін айтарлықтай қолдау болмақ.

Бұл қолдаудың арқасында өндірушілер тендерлік процедуралардан босатылып, мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз етіледі. Осы жағдай кәсіпкерлерге келешекте бастаған ісін кеңейтуге және шығарылатын өнімнің сұрыпталымын арттыра отырып, инвестициялық жаңа жобаларды жасауға мүмкіндік береді.

«Нобел АФФ» АҚ, «Химфарм» АҚ, «Абди Ибрагим Глобал Фарм» ЖШС, «Алмерек» ЖШС, «Бирунифарм» ЖШС, «Dolce» ЖШС, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС, «Келун-Казфарм» ЖШС, «КФК «Медсервис ПЛЮС» ЖШС, «НҰР-МАЙ ФАРМАЦИЯ» ЖШС, «ПФК Элеас» ЖШС, «Суперфарм» ЖШС, «ЭкоФарм Интернейшнл» ЖШС, «Жұлдыз Кенан» ЖШС, «Сұлтан» ЖШС-мен келісімшартты ұзартуға қол қойылды.

Келісімшартты ұзарту тек клиникалық әсері дәлелденген дәрілік өнімдерге ғана жасалғанын айтап өткен жөн. Қол қойылған құжат 441 дәрілік құрал аталымы мен 180 медициналық мақсаттағы бұйымдарға қатысты.

Бұл іс-шара еліміздің фармацевтикалық және медициналық өнеркәсібінің сәтті дамуына әсер ететін тағы бір қадам.