«Bastau Бизнес» бағдарламасының алғашқы легінде білім алған Тұрған Шәмшетова облыстық комиссияға жүн түтетін станок сатып алуға арналған бизнес-жобасын таныстырды

Тұрған Шәмшетова 33 жаста. Екі баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған жалғыз басты ана Казанка ауылының тұрғыны. Шебер әйелдің өнімдері   отбасының жалғыз табыс көзіне айналған. Тапсырыспен ұзатылатын қыздарға жасау дайындайды. Көрпелерге табиғи жүнді салуға тырысады. Ісмер келіншек табиғи жүн салынған көрпе жылы әрі жеңіл болып, денсаулыққа пайдасы зор екенін айтады. Бұл ісінде барлық қиындық жүн өңдеумен байланысты.

«Кәсіпкерлік негіздерін оқытуға арналған «Bastau Бизнес» жобасы аудан орталығында өткізілетінін білген бойда, қатысуға өтінім берді. Тестілеуден де сәтті өткен едім, енді міне комиссия алдында тұрмын. Бір де бір сабақтан қалмадым. Казанка ауылынан аудан орталығы Мәртөкке 2 сағат жаяу жүріп жететінмін. Ал түскі үзілісте балаларыма келуге тырыстым. Жүн өңдеу үшін арнайы түтетін станок сатып алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелгім келеді. Жүн өңдеу бойынша қызмет көрсететін боламын. Оның үстіне өзім тігетін дүниелерге де салатын жүн керек керек», – деп түсіндірді бизнес-жобасын қорғаған Тұрған Шәмшетова.  

«Bastau Бизнес» жобасы бойынша 6 ауданнан жеке кәсібін бастаушылар өңірлік кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдар мен даму институттарының өкілдерінен тұратын облыстық комиссияның алдында бизнес-жоабаларын қорғады.

Кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға арналған «Bastau Бизнес» жобасының бірінші легінде білім алуға 302 үміткер тестілеуден өткен еді. Бірінші лекте 285 тыңдаушы білім алып бастағанымен, 196 қатысушы аяқтады. Оқу қорытындысы бойынша 160 тыңдаушы бизнес-жоспар дайындап, облыстық комиссия алдында қорғауға дейін жеткізді.

Алғашқы күні облыстық комиссияның алдында Темір (35 адам), Мұғалжар (27 адам) мен Ырғыз (14 адам) аудандарының тыңдаушылары шықты. Ал екінші күні Мәртөк (15 адам) пен Ойыл (24 адам), Шалқар (44 адам) аудандарынан қатысқан тыңдаушылар өз жобаларын қорғады.

«Ұсынылған жобалардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығы саласына арналған. «Bastau Бизнес» жобасының тиімділігін екреше атап өткен жөн. Себебі қатысушылар бизнесті қалай жүргізу керектігін жақсы біледі, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген», – дейді Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Бауыржан Дарқұлов.

Мұнымен қоса, өзге де салаларға қатысты қызықты ұсыныстар комиссия назарына ұсынылды. Мысалы, Ойыл ауданының тұрғыны Нұрлан Маханов балық өсірумен айналысқысы келеді. Бизнес-жобаның құны 4,5 млн теңге. Шаруа қожалығының аумағында тоған да бар. Кәсіпкер сол тоғанда шабақтарды өсіріп, көбейтумен айналысуды қалайды.

Ойыл ауданының тағы бір тұрғыны Әсет Алтайқызы аудан орталығында антикафе немесе таймкафе ашуға ние білдіріп отыр. Клубтық үлгідегі арнайы орын – сұраныстағы әрі келешегі бар бизнес-идеялардың бірі. Бұл қоғамдық демалыс орындарының жаңа түрі, онда достық немесе іскерлік жүздесулер  еркін жағдайда өткізіледі.

«Антикафені ірі қалалардың барлығынан табуға болады. Дегенмен бизнестің бұл тетігі ауданда әлі жоқ. Мен 23 жастамын. Ауылдық жерде осындай демалыс орнының қажет екенін жақсы білемін. Тайм-кафеде 4 аумақ болады: кафе, спорт алаңы, кинотеатр мен түрлі іс-шараларды, акциялар мен көңілді кештерді өткізуге арналған зал болады. Табыс тек келушілердің санынан ғана емес, қонақтардың кафеде өткізген уақытына да байланысты болады. Қонақтар кафеде болған әрбір сағаттары үшін ақша төлейді», – дейді бизнес-жобасын түсіндірген Әсет Алтайқызы. Оның бұл жобасы 2,5 млн теңгеге бағаланған.

Мұнымен қоса, Ырғыз ауданында жылыжай кешенін салу жоспары да сұранысқа ие жобалардың қатарында. Курсқа қатысушы Ырғыз өзенінің бойындағы шұрайлы жерде жүзеге асырмақ.

Бағдарлама үйлестірушісінің айтуынша, «Bastau Бизнес» жобасының алғашқы легінде Шалқар ауданының тұрғындары ең белсенді қатысушылар болған. Шалқар ауданынан бизнес-жобаларын қорғауға 44 адам қатысты. Іске асырылатын жобалар қатарында агроөнеркәсіп кешені, шаштараздық, компьютерлік, автосервистік қызмет көрсету, макарон мен кондитерлік цех ашу көзделген.

«Bastau Бизнес» жобасы аясында бір жылда 1125 адамға кәсіпкерлік білім беру көзделген. Бүгінде оқытудың екінші легі басталды. Сәуір айынан бастап қараша айы аралығында 6 лек бойынша тегін білім беріледі.