«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапарында облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтың және өңірдегі бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен өткен Өңірлік кеңес жиынын өткізіп, облыста кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту үшін қабылданған шараларға оң бағасын берді.

Кездесуде Тимур Құлыбаев бизнесті бастау мен дамыту жөніндегі мәселені шешу үшін облыс орталығы мен аудандарда Кәсіпкерлер үйі мен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылғанын атап өтті.

Қызылордада ашылған Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында электронды форматта бос жатқан жер учаскелері туралы, инженерлік желілер туралы ақпарат алуға, сондай-ақ техникалық талаптарды жасатуға және сәулет пен жер мәселелері бойынша рұқсат құжаттарын рәсімдеу үшін барлық жағдайлар жасалған. Қызылорда облысы әкімдігі Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашу үшін 50 млн теңге бөлді, сонымен қатар жер кадастры, газ, жылу, электр қуаты және сумен жабдықтау жөніндегі мәліметтер базасын цифрлық жүйеге көшіруге 30 млн теңге бөлді.

«Кәсіпкерлерді қолдауда және әкімдіктер мен мемлекеттік органдар арасында өзара қарым-қатынас орнатуда тәжірибелеріңіз оң жолға қойылған. Біз кәсіпкерлер үшін барлық процесс ашықтық әрі қол жеткізе алатындай болуын қамтамасыз етеміз», – деді Тимур Құлыбаев.

«Атамекен» басшысы мемлекеттік сатып алуларда отандық тауар өндірушілердің әлеуетін пайдалануда облыста жүзеге асырылған тәжірибенің өзге өңірлерге де таратылатындығын атап өтті.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен 2016 жылдың сәуір айында отандық өнімді өткізу үшін және мемлекеттік органдар, мұнай компаниялары мен квазимемлекеттік сектордың тауар, еңбек және қызмет түрлерін сатып алуларында жергілікті қамту үлесін арттыру мақсатында Жұмыс комиссиясы құрылды. Өңірдегі құрылыс материалдарын шығаратын және жеңіл өнеркәсіп саласындағы 50 компанияға қолдау көрсетілді.

Белгіленген жоспар бойынша, 2016 жылы 117,3 млрд теңге бөлінген. Палата 70 млрд теңгеден астам сомадағы сатып алуларға талдау жасады. Оның шамамен 50 млрд теңгесіне немесе 67,5% отандық өнім қамтылған. Сондай-ақ әрбір ауданды жекелеп көрсеткен, 200-ден астам отандық тауар өндірушілер субъектісі енгізілген отандық тауар өндірушілер реестрі дайындалды.

Бизнес пен мемлекеттік органдар арасында өзара іс-қимыл жоғары деңгейге жетті. Бұл зааңнамаларға өзгеріс енгізу, кәсіпкерлік желісі бойынша қаражат бөлу нәтижесінде іске асырылып отыр. Бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнесті қолдау мәселелері бойынша  ел Үкіметінің толықтай серіктесі болып қалыптасты», – деп түйіндеді Тимур Құлыбаев.

Кездесуді қорытындылай келе, «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевқа «Атамекен» құрмет медалін табыстады.