Бір миллиард теңгедей қаражат үнемделіп, ондаған мәселе шешімін тапты

Облыстағы Кәсіпкерлер палатасы бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғау желісі бойынша 2016 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

Құқықтық бөлімнің сарапшылары мәлімдегендей, 2016 жылдың желтоқсан айындағы көрсеткіш бойынша, өңір бизнесмендерінен 195 арыз келіп түскен. Олар салық органдары мен монополияға қарсы органның әрекетіне, жер телімдерін алу мүмкін еместігіне, мемлекеттік сатып алулар саласындағы проблемаларға шағымданыпты. Кәсіпкерлер осындай мәселелермен жиі ұшырасады екен.

«Соңғы атқарылған жұмыстардың бірі – жекеменшік фирмаға мемлекеттік сатып алулардың жауапсыз жеткізушілер тізілімінен шығаруға көмек берілді. Фирма өз еркімен емес, ауылдық әкімдік қызметкерінің кесірінен «сенімсіз» атанған. Бұл жайтты біз сотта дәлелдей алдық. Жалпы алғанда, келіп түскен арыздардың жартысы бүгінгі таңда оң шешімін тапты», – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының құқықтық қорғау бөлімінің басшысы Ренат Дәулетбаев.

Ауыл кәсіпкерлерін қолдау Палатаның тармақталған желілері арқасында мүмкін болып отыр. Мәселен, Жетіқара ауданындағы қоғамдық тамақтандыру нысандары басшыларының арызынан соң, монополистің қосымша тарифтік төлемдер бекіту жөніндегі заңсыз талабы жойылды. Мәселе прокуратураның көмегімен шешілді.

«Егер ақшалай түрдегі көмекке баға берер болсақ, онда өткен жылы біз кәсіпкерлерге тоғыз жүз миллионнан астам теңгені үнемдеуге көмектестік. Бұл жойылған айыппұлдардың, қосымша есеп-қисаптардың, мүліктік шығындардың жалпы сомасы», – деп мәлімдеді Ренат Дәулетбаев.

Сондай-ақ, оның айтуынша, заңға немесе заңға қосымша актілерге өзгерістер енгізбей, кейбір мәселелерді шешу мүмкін емес. Олар күнтәртібінен алынып тасталмайды, керісінше Ұлттық палатаның арнайы тізіліміне қосылады. Қандай да бір мәселенің қаншалықты деңгейде екенін бақылап отыруға мүмкіндік беретін аталған тізілім ресми сайтта орналастырылған. Қостанай облысынан тізілімге он сегіз өзекті мәселе енгізілген.