Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексі

Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік жаһандық индексі көрінісінде

Қазақстанның экономикалық жағдайын жақсарту үшін халықаралық рейтингтер аясында жүргізілген реформалардың мәні айтарлықтай жоғары. Әртүрлі рейтингтер нәтижесі міндеттер мен проблемаларды классификациялауға, идентификациялауға, оларды мемлекет пен экономиканы тиімді стратегиялық басқару үшін қолдануға мүмкіндік береді.

Еліміздің бәсекеге қабілеттілігін негізгі бағалау Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік жаһандық индексі (ДЭФ БЖИ) нәтижесіне сүйенеді.

ДЭФ БЖИ 119 көрсеткіштен құралады. Оның 34-і статистикалық мәліметтер қорытындысы бойынша, қалғаны еліміздің орта және ірі кәсіпорындары жетекшілеріне сауалдама жүргізу нәтижесі бойынша есептеледі. 119 көрсеткіш ішінен бәсекеге қабілетті 12 фактор анықталады:

  1. Институттар сапасы
  2. Инфрақұрылым
  3. Макроэкономикалық тұрақтылық
  4. Денсаулық және бастауыш білім
  5. Жоғары білім және кәсіби даярлық
  6. Қызметтер мен тауарлар нарығының тиімділігі
  7. Еңбек нарығының тиімділігі
  8. Қаржы нарығының дамуы
  9. Технологиялық дамудың деңгейі
  10. Ішкі нарық өлшемі
  11. Компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі
  12. Инновациялық әлеует (мүмкіндік)

Осылайша ұлттық бәсекеге қабілеттілік деңгейін бағалау көбіне бизнес-қоғамдастық өкілдері пікіріне тәуелді және еліміздің орта және ұзақ мерзімді келешегінің бәсекеге қабілетті өсуі мен дамуы үрдісін көрсетеді.

Рейтингке қатысушы барлық ел экономика дамуының кезеңдері бойынша жіктеледі.

Қазақстан 2012 жылдан бастап рейтингке (Ресей сияқты) экономикасы дамудың екінші кезеңінен (өнімділікке негізделген кезең) үшінші кезеңіне(инновацияларға негізделген кезең) өткен ел ретінде қатысады.

ДЭФ БЖИ қорытындысы бойынша 2014 жылы Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда өз ұстанымын сақтай отырып, 144 елдің ішінен 4,42 орташа балмен 50-орын алды.

Қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігі ДЭФ БЖИ үйлестірушісі ретінде Дүниежүзілік экономикалық форумның 2016 жылға дейінгі(ҚР Үкіметі отырысының 2015 жылғы 21 сәуірдегі №18 хаттамасымен бекітілген) бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексі көрсеткішін жақсарту бойынша шаралар жоспарын әзірледі.

Осы Шаралар жоспарындағы көрсеткіштерге жауапкершілік мемлекеттік органдар қатарына, соның ішінде ұлттық экономика, даму және инвестициялар жөніндегі, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, әділет, ішкі істер, ауыл шаруашылығы, қаржы, білім және ғылым министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктері мен Ұлттық банкке құзырет бойынша бекітілген.

Бұдан басқа, ҚР кәсіпкерлерінің «Атамекен» ұлттық палатасы ДЭФ БЖИ көрсеткіштері бойынша кәсіпкерлер арасында жүргізілетін жұмыстарды тұрақты түрде ақпараттық қолдаумен қамтамасыз етеді.