Біз туралы
Қаз
Қазақстан бойынша тегін:
1432 | 8-800-080-80-10
Whatsapp: +7 778 870 1432

Bek Air және Азаматтық авиация комитеті арасындағы дауда ымыраға қол жеткізілді

12 Қаңтар 2016
9178 просмотров

Мемлекеттік орган «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қазақстан Республикасы заңнамасына IOSA аудиті стандартының талаптарын енгізу туралы ұсынысымен келісті

Қазақстанда авиакомпаниялардың IOSA аудитінен өтуі жайлы міндетті талаптардың енгізілу мәселесіне мүдделі тараптар «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында бас қосты. Отырысқа қатысушылар екі сағатқа созылған пікірталастан кейін белгілі бір ымыраға келді. Отырыс жұмысына мемлекеттік органдар өкілдері, ішкі тұрақты авиатасымалдаулардағы ірі ойыншылар, сонымен қатар Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (ІАТА) өкілі қатысты.

«IOSA талаптарын ұлттық заңнамаға енгіземіз. «Әуе кеңістігін пайдалану туралы» заңда ұшулар қауіпсіздігі бойынша талаптарды біршама күшейтеміз және заңға қосымша актілерде оны одан әрі жүзеге асырамыз», - деді ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов.

Ал жаңадан енгізілетін сертификаттау жөніндегі стандарттарға (IOSA аудиті талаптарына өзектендірілген) сәйкестікке келтіру үшін авиакомпанияларға заңға өзгерістер қабылданған сәттен бастап 1 жылды құрайды. 

Бекен Сейдахметовтың сөзінше, әлемде 404 авиакомпания IOSA аудитінен өткен – бұл бүкіл әлем бойынша тасымалдауларды орындаушы авиакомпаниялардың 95%‑ы. «Осы 95%‑ға авиациялық оқиғалардың 40%‑ы тиесілі, аудиттен өтпей қалған 5%‑ға оқиғалардың 60%‑ы келеді. Яғни IOSA аудитінен өткен тасымалдаушылардағы апаттылық деңгейі  2013 жылы 2,5 есе төмен болған», - деп баса көрсетті ол.

ААК басшысы IOSA аудитінің мемлекеттегі қадағалаудың орнын ауыстырмайтынын, оны толықтыра түсетінін айтып өтті. «Әлемнің 14 елі IOSA аудитінен өтудің міндетті талаптарын енгізген: Бразилия, Бахрейн, Чили, Египет, Мадагаскар, Мексика, Коста-Рика, Панама, Сирия, Түркия, Ливан және Парсы шығанағы елдері», - деп хабарлады ол.

«Егер Қазақстан үшін IOSA стандарттары осынша маңызды болса, онда оны заңнамамызға енгізейік деген мәселені алға тартып отырмыз. (…) Ол 50 мың доллар немесе 5 млн. доллар тұрса да – заңды болуға тиіс», - деп мәлімдеді «Bek Air» авиакомпаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Жұмасұлтанов.

Ол сонымен бірге ішкі сапарларды жүзеге асыратын авиакомпаниялар үшін талаптарын ұсыныс ретінде қалдырған дұрыс болатынын айта кетті.

Эйр Астана, SCAT және Qazaq Air авиакомпаниялары қазақстандық авиакомпаниялар үшін IOSA аудитінің талаптарын сақтану қажет деген пікірде болып отыр.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитет өкілі Мира Тұяқбаева өз кезегінде 2013 жылы монополияға қарсы ведомство аталмыш норма бәсекелестікті шектеуге әкеледі деген қорытынды жасағанмен, қағидалардың өтіп кеткенін атады. «Бұл талап біршама ірі авикомпаниялар үшін өзекті. Ішкі тасымалдауларды біршама төмен бағада жүзеге асыратын, бюджеті төмен өңірлік компаниялар үшін аталмыш аудиттен өтудің белгілі бір қиындықтар тудыратынын ескере отырып, егер бұл компаниялар кететін болса, бұл нарықтың монополиялануына және тарифтер құнының ұлғаюына алып келеді деген ойдамыз», - деді ол.

«Осы 60 мың доллар тарифке еш әсерін тигізбейді. Бұл жерде аталмыш сертификатты алуға даярлануға тиіс компанияның өзінің ішкі шығындары кетеді», - деп қарсылық білдірді ҚР ҰКП Логистика және тасымалдаулар комитеті азаматтық авиация жөніндегі кіші комитетінің төрағасы Болат Наурызәлиев.

«Қазір белгілі бір ымыраға келуіміз керек. Осы міндетті орындауға қанша уақыт қажет болатынын түсінуге тиіспіз. Оның тиімділігін көтеру үшін компанияда қандай ішкі өзгерістер жүргізу, қандай ресурстар керек. Бұл жағдайда реттеуші ымыраға келуге тиіс деген ойдамын. Өз басым сұхбаттасуды және өтпелі кезең дайындауды жақтағым келеді», - деп атады ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов.

Сәл бұрын 2015 жылдың наурыз айында Азаматтық авиация комитеті Ұлттық палатаға «Авиакомпанияларды ішкі тұрақты коммерциялық тасымалдауларды орындауға жіберу қағидаларын бекіту туралы» бұйрық жобасын енгізген кезде ҰКП IOSA сертификаты бар екені жайлы талаптарды енгізу үшін IOSA талаптарын азаматтық авиация саласындағы ұлттық қағидалар түрінде немесе «ҚР әуе кеңістігін пайдалану туралы» ҚР заңының 7 бабына сәйкес авиациялық стандарттар түрінде өзектендіру қажет деген қорытынды берген болатын. Алайда мемлекеттік орган Ұлттық палатаның ұсыныстарын ескерген жоқ. Содан 2015 жылғы тамыз айында Ұлттық палата ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетіне Палатаның сараптамалық қорытындысында көрсетілген ескертулермен келіспеудің себептерін негіздеуді сұрап хат жолдаған еді. «Атамекен» ҰКП‑ға жауап ретінде тек ресми хат қана келді. Ұлттық палата мұнымен тоқтап қалмай, 2015 жылғы 16 қарашада ҚР Бас көлік прокуратурасына IOSA сертификатының болуы жайлы біліктілік талаптарын орнатудың заңдылығын тексеруді сұрап хат жолдады. Бас көлік прокуратурасының жауабы 2015 жылғы 18 желтоқсанда келді. Онда мемлекеттік органның ішкі тұрақты сапарларды іске асыратын азаматтық авиация саласында халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттарын орнатудың ұлттық заңнамаға қайшы келмейтіні жайлы ұстанымы көрсетілген екен.

Осылайша, «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында бизнес өкілдері мен уәкілетті органдар арасында сұхбат өтіп, оның қорытындысы бойынша түйткілді мәселені шешудің өзара қолайлы нұсқасына қол жеткізіліп отыр.


Серіктестер